Өлеңдер

Фзули, Шәмси, Сәйхали

Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер, я, шағири, фәриад!


Өлең 1933 жылғы толық жинақта алғаш рет басылған (71-бет).13 жастағы жасөспірім Абай Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқып жүргенде жазған. Өзіне үлгі еткен атақты ақындардың аттарын атап: «Мәдәт бер я шағири фәрияд» деп сыйынып, «мәдәт» тілейді. Мұхтар Әуезов өлеңнің ортағасырлық түркі жазба поэзиясы дәстүрінде шыққандығын атап көрсеткен.


Бұл басылымда төртінші тармақтың соңғы сөзі «фәраид» болып түзетілді. Араб тілінде «теңдессіз» деген мағына береді. 1995 жылғы басылымда «фарияд» деп жазылған.

​Т.Рсаев

Зерттеушілердің деректеріне қарағанда 14 жастағы жасөспірім Абай Семейдегі Ахмет-риза медресесінде оқып жүргенде жазған сияқты. Шынында да ақынның шығыс тілі мен әдебиетін дендей оқып, Шығыстың ұлы философ-ақындарының классик туындыларымен барынша тереңірек танысатын шағы осы кезең. Сыры мол, құпиясы көп өлең өнерін аңсап, сол бір тылсым әлемге барар жол іздеген жас ақын өзі шығармаларын құмарта оқып, таусылмас нәр алған шығыс ғұламаларын әулие тұтып, медет тілейді, ақындық жолдағы жебеушім болыңдар деген ниет аңғартады. Осынау айналдырған 4 жол өлең жас Абайдың өнер, білім, талап қуған шағының өзінде-ақ, өлеңнің Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз сияқты ұлы шеберлері туындыларымен жақсы таныс болғанын аңғартады. Бұл жолдардан жас ақынның өлең өнерінде алғашқы кезеңде сол өзі сыйынған ақындар нақышын үлгі тұтқаны көрінеді. Тек шығыс ғұламаларынша сөз құрауға деген құмарлық байқалады. Бір шумақ өлеңде бір ғана «бер» деген қазақ сөзі келтірілген. Бұл Абайдың ақындық жолының алғашқы кезеңіне тән қасиет.

Абай: Энциклопедия. - Алматы «Атамұра», 1995. - 581 бет.